Ресейдің Санкт-Петербург қаласында, «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «Газпром» ЖАҚ арасында табиғи газды қабылдау-беру туралы техникалық келісімге қол қойылды.

27 маусымда «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров және «Газпром» ЖАҚ басқармасының төрағасы Виталий Маркелов құжатқа қол қойды.

Ресейлік газ компаниясының өкілдері атап өткендей, «ҚазТрансГаз» АҚ мен оның еншілес ұйымы «Интергаз Орталық Азия» АҚ серпінді түрде дамып келе жатқан, қазіргі заманғы, Орта Азиядағы мұнай-газ секторының танымал көшбасшыларының бірі болып табылады. Бұны халықаралық  рейтингтермен ғана емес, сондай-ақ бірлесіп атқарып келе жатқан жұмыс тәжірибемізден де көруге болады. Бұл орайда, әртүрлі бағыттар бойынша адал, ашық әрі өзара тиімді ынтымақтастық жасасу, әсіресе табиғи газды тасымалдау, өңдеу және өткізу саласындағы көп жылғы өзара іс-қимыл  достық қарым-қатынастың негізі болып табылады.

Табиғи газды қабылдау-беруді техникалық реттеу туралы осыған ұқсас құжат  2007 жылғы ақпан айында қол қойылған болатын. 12 жылдың ішінде  екі елдің нормативтік-техникалық құжаттамаларында айтарлықтай өзгерістер болды, сондықтан жаңа Техникалық келісімді қалыптастыру қажеттілігі туындады.

Құжатта мемлекеттер шекараларынан өтетін кезде табиғи газдың мөлшерін айқындау мәселелері, газ өлшеу станцияларында және өлшеу тораптарында қолданылатын жабдықтардың түрлері, тасымалданатын газ мөлшері үшін тіркеу және өзара мониторинг ұйымдастыру тәртібі   регламенттелген. Бұған басқа, құжатта  мемлекеттер шекараларында газды қабылдау-беру процесінде өзара қарым-қатынас жасасу тәртібі, жөндеу жұмыстарын жоспарлау, технологиялық байланысты пайдалану тәртібі айтылған.